Атам туралы естелік

Блог - Arys_arlany: Атам туралы естелікБылтыр жазда еңбек демалысқа шыққан уақытымда жазылған. Ауылға барған соң аздап сырқаттанып жатып қалғаным бар. Сол уақытта біраз кітаптарды ақтарып едім. Жаныма жақын болған біреуінен қысқа естелік.
Қолыма ілінген кітаптің бірі Қайыржан қажы Макиннің «Біз қазақпыз» атты еңбегі болды. Кітаптің алғашқы беттерін ашып оқи бастағаннан-ақ бұрыннан естіп, көріп жүрген дүниелерді неге қайталап сала берген, осыны да кітап деп жазып отырма деген ойға қалған едім. Бірақ, кітаптың атауы «Біз қазақпыз» деп өзіне тартты да тұрды.
Әдептілік турасындағы, әдеп-ғұрпымыздан сыр шертетін тұсына келгенде қызыға түскендеймін. «Қазақтың ата-әжені сыйлау» атты тақырыбына келгенде, тіпті көз жасыма ерік бердім.
«Атаның «Айналайын», «садағаң болайын» деген сөздері оның ұрпағы үшін жанын да аямай, құрбандық болуға даяр екендігін көрсетеді».
Ауылыма көңілімді тартып тұратын елестің бірі Атамның «Айналайын Арыштаным деп» оты сөне бастаған жанарындағы туындаған ерекше нұрмен қарауы, қос бетімнен кезекпен сүйіп, ал мен өз кезегімде жарқыраған маңдайынан иіскеп тұратын сәттер еді. Төсекте ұйықтап немесе газет-журнал оқып отырған сәтінде кіріп келіп «Ассаламауғалейкум» деп айғайлай сәлем беріп, селк еткізуші едім. Қос қолымды ұсынып амандасқанда, әлі қайтқан қолдарымен өзіне тартып сүймекші болғанда, талай мәрте бетімді тосып, еңкейіп едім ау. Осылайша Ата мен бала махаббаты Арыс ауданының шалғай бір ауылында өрбуші еді.
«Ет жүрегі елжіреп, ұрпағының амандығы мен жақсылығын бақыт санайтын атаны ардақтап, оның алдынан қия өтпей, айтқанын орындау, атаға қашан да қамқорлық жасау, қиындықтан қымсынбай қызмет көрсету – сенің адамгершілік парызың».
Қазір адамгершілік қағидалар туралы сыни пікірлер көп айтылады. Енді оны жолға салудың түрлы жолдарын ұсынамыз деп, бұрынғы жаттанды сөз тіркестерын будақтады. (Тәрбие, мектеп, ұстаз, ата-ана) Менің ойымша адамгершілік, жанашырлық қасиетті бірінші өзіңнің бойыңнан көрсетіп, үлгі көрсету керек. Өзге түгілі өз бауырларымның жанашырлық қасиетін туындата алмағаным менің үлкен кемшілігім деп ойлаймын. Жаңа жылдан кейінгі кезекті жұмыс апталығы соңындағы демалыс күндерін пайдаланып, ауылға бардым. Амандық-саулықтан кейін, Атамның жүзінен абыржулықты байқадым. Өздігінен зорға тұрып, кіріп-шығып жүрген атамның кешкісін мәсісін шешіп қарасам, сұмдық болып жатыр екен. Сонда барып білдім. Үйдегі үлкен ағамның соншалықты безбүйрек болғаны ма? деген сұрау жаныма батты. Дереу жылы су даярлап, аяғын жамға салып, әбден күстенген аяқ саусақтарын жібітіп, тырнағын алып, тазалап жуып, жылы орап төсек орнына жатқыздым. Ертесіне үйдегі моншаны жағып, шашын алып, сақалын бастырып, шомылдырып, киімдіріп едім, нарттай бозарып, сүйкімді қарияға айналып шыға келді. Түріне қарап күліп алып едім. (Сақалын бастырам деп, ортадан сәл ауытқытып алып, соны теңестірем деп жүріп «ақ сақалын» кішірейтіп қойыппын.) Сонда атам тұрып: «Айналайын, кішкентайыңда арқама салып баққанымды қайтардың-ау» деген еді.
Осыдан шамалы уақыт өткеннен кейін атам ұзақ ауырмастан дүниеден өтті. Атамының разылығын ал деп, қанша айтқаныммен де ағамнан түк шығара алмадым. Соңғы мәрте 22 наурыз (2013ж) мерекесіне орай берілген демалысты пайдаланып барып едім ауылға. Онда да «блогкэмп» деп, атамның қасында ұзақ аялдай алмадым. Адамгершілік парыздан гөрі перзенттік парыз жоғары деп есептеймін. Әскерге кеткенде ақ батасымен шығарып салған атамды бір жыл уайымдағаным (қайта көрем бе, көрмеймін бе деп) да әлі есімде. Алдымнан шыға келгенде, ыстық жас ытқылап кетіп еді ол кезде де. «Балапан қанат қағып, ұядан ұшты деген осы» деп қаладан сағындыра келгенімде айтып отыратын, қайтсін қарт көңіл ең жақын немересін сағынад та.
Пысы: Зымырап өтіп жатқан уақыт. Атаммен енді мәңгілікке қош айтысқанымды мойындағандаймын. Жайың жәннәтта болсын Аташым.
Әрі қарай

Атам туралы (менің алғашқы блогжазбам)


Менің атам! Мен ес білгелі атамды ойымнан бір елі шығарған емеспін. Әлі күнге шейін айтып отырады 4 жасымда «Ата мен сенің балаң болам, сенің қасыңа жатамын деп» келгенімді. Менің туып өскен ауылым Арыс ауданы, «Көкжиде» деген ауыл. Біздің ауылдың кәсібі басқа көпшілік ауыл сияқты негізінен ауылшаруашылығымен айналысады. Соның ішінде мал шаруашылығы мен бақша дақылдарын өндіру. Мал шаруашылығы жыл бойына жүретін болса, бақша дақылдарын өсіру науқанында жүргізіледі. Біздің отбасымыз да өзгелер сияқты мал ұстаймыз, мемлекеттің берген жекеменшік жерімізге қауын, қарбыз, жүгері, қызанақ сияқты дақылдарды өсіріп, өндіреміз. Мен мектеп оқып жүрген кезімде есімде үйде торы атымыз болатын. Жазғы демалыста Атам торы атқа арба жегіп, мені отырғызып егістік басына алып кететін. Күнімен кетпен шауып, бір тынбайды. Кеш түскен соң ауылға жиналамыз. Үйдегі сиырларға деп, қамыс орып, оны жақсылап арбаға артып, сусып түсіп қалмас үшін арқанмен тартып байлап, үстіне көрпеше төсеп, мені жатқызып қоятын. Сосын қайт ауылға, ат арбаның үстінде, табиға аясында. Кейде ұйықтап қалатынмын жол үстінде. Кейде, ұйықтап кетіп, арбаның үстінен ауып кете жаздайтын кездер болады. Сол үшін Атам үнемі маған «Арыштан, а, Арыштан» деп артына қарайлап отыратын. (мені атам еркелетіп, «Дәңгіл», «Арыштан» деп атайтын).
Үйге атамның замандас, құрдастары келіп тұратын. Ауылдағы шалдардың әдеті, кішкентай бала көрсе "әй, жаман неме, кімнің баласысың" деп сұрайды. Менде жұлып алғандай айқайлап, «Атамның баласымын!» деп тұра қалам. Атам үлкендер келгенде «Ассалаумағалейкум!» деп сәлем бер деп үйретіп қойған. Қонақ келе қалса «Ассалаумағалейкум!» деп шыға келетін едім. Ондай кезде үлкен шалдар мәз болып қалады. "Өркенің өссін балам," «Дәу жігіт бол», «Азамат бол» деп қауқылдасып қалады. Ауылда кейде свет өшіп қалады. Кешке үйде бәріміз жиналып кешкі асты шамның жарығымен ішеміз. Ондай кезде атам бізге ертегі, өзінің басынан өткен қызықты оқиғалар туралы айтып береді. Атам мені кішкентайымнан үлкен балдарша қарап, ерте есеюіме көп септігін тигізді және солай тәрбиеледі. Өзі көп қыдыра бермейтін адам. егер бір жаққа баратын болса, мені ертіп алатын.
Атам кітапті көп оқыған, үйдегі кішігірім кітапхана соның айғағы. «Жас Алаш», "Қазақ әдебиеті" сияқты газеттерге жазылып, әр санын үзбей оқып отыратын. Сондықтанда шығар, кейбір консерватор шалдар сияқты емес, жаңа заманның жаңалықтарынан хабардар бола отырып, бізге «Оқыңдар, айналайын» деп үнемі айтудан жалыққан емес. Мен кітап оқуды 6-шы сынып оқып жүрген кезімде бастадым. Ең алғаш оқыған кітап авторы есімде жоқ, «Ағаш ат» деген. Одан кейін үйдегі жинақталған кітаптарды оқып бастадым. Кейде бір кітапты ұзақ оқып жүргенімді байқаған атам «тұрақсыз адам екенсің, тыңғылықты оқысай» дейтін. (Ол кезде жақсы екенмін, бастысы кітап оқушы едім, қазірше алтын уақыттың бәріп бекерге сарп етіп).
Осылай, ақырындап ержеттік. Білім қуып, қалаға оқуға кеттік, енді осы жақта тұрақтап жатқан жайымыз бар. Атамды қатты сағынамын. Аз демалысымды пайдаланып ауылыма барып тұрамын. «Балапан қанат қағып, ұядан ұшты деген осы» деп Атам барған сайын айтып отырады. Қазір атамның жасы 85 ке келді. Мен 25 ке жетіп қалсам да ол кісінің алдында өзімді әлі, кішкентай бала сезінемін. Еркелеп, мойнына асылып, ойнағым келеді. Бірақ қазір бұрынғыдай денсаулық қайда, ол қазір менің көмегіме мұқтаж. Өмірдің түрлі ауыртпашылықтарын көрген Атам, өзінің намысқойлығы мен еңбекқорлығы арқасында мойымай осы күнге жетіп отыр. Келесі жазбамда тағы толықтырып өтемін!
PS. Бұл менің алғашқы блогжазбам. Мұны жазған кезде атам қатты ауырып жатқан болатын. Мына мемлекеттің белгілеген шеңбер ішіндегі шектеулі уақыттан шыға алмай, перзенттік борышымды өтеуде қиындықтар туындап, қолымнан бар келгені осы деп ойымдағыны қағазға түсіргенім ед. Әлі бұл тақырыпқа талай оралатыным өзіме аян.
Әрі қарай